Аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен «Қауіпсіз жаз» тақырыбында семинар өтті. Шараға мектеп ұстаздары, мектеп жанындағы лагерьдің директорлары, аудандық төтенше жағдайлар, полиция, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімдерінің мамандары қатысты.
Шараға қатысқан құқық қорғау саласының қызметкерлері төтенше жағдайлар кезіндегі өзін-өзі ұстау бойынша негізгі ережелерді, жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығы, алғашқы медициналық көмек көрсету дағдылары, құқық бұзушылықтардың алдын алу сынды өзекті мәселелерді сөз етті. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Орман Түсіпов жаз мезгілінде балалардың судағы қауіпсіздігін, балалардың терезеден құлау фактілерін болдыртпау мәселесін қозғады.
— Жақында балалар жазғы демалысқа шығады. Сондықтан олардың қауіпсіздігі бірінші орында тұруы тиіс. Ата-аналар ұл-қыздарына өрттің опық жегізетінін, суда шомылған кезде абай болу керектігін, терезе алдына баруға болмайтынын түсіндіріп, қадағалауы керек. Қоғамда осы бағытта орын алатын қайғылы жағдайлардың дені ата-ананың бейқамдығы салдарынан орын алады. Лагерьде жүрген балаларға от жағуға тыйым салынады. Балаларды су айдындарында қараусыз қалдыруға болмайды. Үйде баланы жалғыз қалдырмау керек, — деді О.Түсіпов.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.