Алдияр Рамазанұлы 15 жыл бұрын энергетика саласына саналы түрде келді. Электр құралдарының тілін білетін, жастайынан электроникаға, инженерияға жақын жүрген жігіт бүгінде Железин ауданы тұрғындарының жарықсыз отырмауына жағдай жасауда.
Аудан орталығындағы №1 мектептің 11-сыныбын аяқтаған соң Павлодар қаласындағы қазақ-неміс колледжіне оқуға түседі. Мақсатты түрде техник-электрик-механик маман-дығын таңдайды.
— Ұл болған соң әкеге жақын жүресің ғой. Көп дүниені әкемнен үйрендім. Бала кезімнен инженерлік салаға қызығушылығым болды. Ылғи соған қарай тартып тұратын. Сондықтан, мектептен кейін ойланбастан энергетика бағытына бет бұрдым. Оқып жүрген кезде тәжірибеден де барынша тиімді өтуге тырыстым. Үш жыл қатарынан өндірістік тәжірибеден өзімнің туған өлкем – Железин ауданындағы «ПРЭК» акционерлік қоғамына қарасты аудандық электр желісі кәсіпорнынан өттім. Аға буыннан барынша үйреніп қалғым келді. Білмегенімді сұрап, теорияны тәжіри-бемен ұштастырып отырдым, — дейді Алдияр Нұрмағанбетов.
2009 жылы колледждегі оқуын тәмамдап, қолына диплом алған жас маман өзі тәжірибеден өтіп, қызметтің қыр-сырын жақын біліп қалған Железин ауданының электр желілері кәсіпорнына жұмысқа орналасады. Алғашында электромонтер міндеті жүктеледі.
— Электромонтер ретінде электр жабдықтардың, желілердің, трансформаторлық станциялардың қалыпты жұмыс істеп тұруына жауапты болдым. Уақытылы жөндеп, іркіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз еттік. Бір жылдағы жауапкершілігім мен білім-білігім, бұған дейін келіп, алған тәжірибемді ескерген болу керек, басшылық мені Железин ауылдық округі бойынша шебер қызметіне тағайындады, — дейді білікті электрик.
Алдияр Рамазанұлы әрдайым білімін жетілдіруге мән береді. Сондықтан жұмысымен бірге Павлодар инновациялық Еуразия университетінде сырттай жоғары білім алады. Өзі жауапты учаскенің ғана емес, өзге де бөлімшелердегі жұмыстың мән-жайымен жақын танысуды әдетке айналдырыпты. Бұл өз саласының білгірі болуы үшін аса қажет екенін түсінеді. Осылай, 2018 жылға дейін міндетін мінсіз орындайды. Басшылықпен келіспеушіліктер орын алып, осы жылы қызметтен кетіп, жеке кәсіп-керлікпен айналысады. Яғни, энергетика саласынан еш кетпейді. Жеке ісін электр желілерін, жарық сымдарын тарту, жөндеу жұмыстарын атқа-рады. Араға бірнеше жыл салып, алғашқы еңбек жолы басталған кәсіпорынға жаңа басшы келіп, жұмысқа шақырту алады.
Мұнда жедел көшпелі бригаданың электр монтері міндетін атқарады. Бір жылдан соң Железин ауданы бойынша желілер қызметінің аға шебері болып тағайындалады. 7 ірі учаскеге жауапты болады. Тәжірибелі электрик маман кейінгі кезде электрмен қамтуда ілгерілеушілік барын айтады.
— Алғаш еңбекке орналасқан жылдармен салыстырғанда қазір жағдай біршама өзгерді. Бұрын жиі жарық өшіп, қолайсыздық туындап тұратын. Себебі, желілер тозған еді. 2012-2015 жылдары ескірген желілерді ауыстыру біртіндеп қолға алына бастады. Сондықтан болар, тұрғындарды бір тәулікке жуық жарықсыз қалдыру жағдайы қазір жоқ. Боранды, желді күндері желілер үзілсе, барынша жылдам қалыпқа келтіреміз. Әрине, шалғай ауылдарға жету қиындықтары бар. Бірақ, бізде бұл мақсатта алыс жолға шығатын арнайы екі ауыр көлігіміз бар. Әріптестерім мүмкіндігінше жедел жетіп, жөндеуге тырысады, — дейді железиндік маман.
Оған қоса, ауданда былтырдан бастап кешенді трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңарту басталыпты. Өткен жылы 5 жаңа станция ауыстырылыпты. Мұндай өзгеріс ауданда электр қуатының резервін қалыптастырады. Демек, жарықтың өшуі жойылады. Жалпы, аудан көлемінде 297 станция бар көрінеді. Жыл сайын бесеуі ауыстырылып тұрғанның өзінде оң өзгеріс байқалады, дейді біздің кейіпкеріміз.
Кейіпкеріміз саласындағы ең өзекті мәселе – маман тапшылығы екенін атап өтті. Айтуынша, жастар энергетика саласына қызығушылық танытуды қойған.
— Кадрлар мәселесін шешу керек. Кейде жұмысқа шақырып, жалынуға мәжбүр боламыз. Ал құлшыныссыз, ниетсіз келген соң сапа да жақсы болмайды. Сондықтан, энергетикаға мамандар тарту үшін мемлекет деңгейінде жеңілдіктер қарастырылуы тиіс. Әйтпесе, бара-бара энергиямен қамтуға жауапты маман таппай қалуымыз мүмкін. Ауылдағы жастардың көбі мұғаліммен дәрігер мамандықтарын таңдайды. Себебі, оларға ауылға қызметке барса, баспана, көтерме ақы сияқты қолдау тетіктері қарастырылған. Біздің салада мұндайдың бірі де жоқ. Әйтпесе, жалақы жаман емес. Биыл да 18,5 пайызға көтерілді, — дейді А.Нұрмағанбетов.
Сонымен қатар, ол энергетик мамандығына арнайы грант бөліп, оқыған жастардың сол ауданда
қызмет етуі керек деп санайды. Өзі бүгінде кәсіпорында ауысыммен
жұмыс істейтін жедел көшпелі бригадада еңбек етеді. Оған қоса, кәсіпкерлік ісін де қатар алып жүр.
— Энергетика — басты назарға алынатын маңызды салалар қата-рында. Жарықсыз бірде-бір жұмыс алға баспайды. Бәрі тоқтап қалады. Бұл мамандыққа да жауапкершілікпен бару керек. Себебі, біздің қызмет жоғары жауапкершілікті, мұқияттылық пен тиянақтылықты талап етеді. Техникалық тұрғыдан ұғымталдық қажет. Білім мен дағдыны жетілдіруді де ұмытпаған жөн, — деп кеңес берді білікті маман.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ, Железин ауданы.