Females saiga in the steppe in Cherniye Zemly (Black Earth) Nature Reserve, Kalmykia/n Cherniye Zemly (Black Earth) ZapovednikCherniye Zemly (Black Earth) Nature Reserve; Kalmykia; steppe; Saiga tatarica;

Жаһандық статистикаға сүйенсек, жыл сайын әлемдегі жануарлардың төрттен бір бөлігі адамдардың қолынан қырылады екен. Соңғы жылдары елімізде де жағымсыз жайттар жиі тіркелуде. Заңды рұқсатын алып, тіркелген қарумен саятшылық құрғандарға айтар дат жоқ. Десе де, ережені елемей, жымысқы ойларын жүзеге асырып жүрген браконьерлер тәубесіне келмей тұр. Жануарлар дүниесін сақтау үшін не істемек қажет? Сауалды «Алаңның» талқысына салдық.

Нұркен ШӘРБИЕВ, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бірінші вице-министрі (пікір ғаламтордан алынды):

— Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстанда жан-жануарлардың, құстардың, балықтар мен өсімдіктердің ондаған түрі жойылып кету қаупінің алдында тұр. Табиғатты қорғау – мемлекеттік маңызы зор іс», деген болатын. Бұл ретте, жануарлар дүниесін қорғау үшін тиісті заңнамаларда өзгерістер орын алды. Яғни, заңды аяқ асты еткендерге жаза қатаңдатылды. Атап айтсақ,
ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру және жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңындағы 335-бапқа және 337-бапқа санкцияны қатаңдату бойынша түзетулер енгізілді. Яғни «қылмыстық теріс қылықтар» «қылмысқа» өзгертілді, сондай-ақ 337-бап 10 жылға дейін бас бостандығынан айырумен жаза-лау көрсетілген жаңа 6-шы бөлікпен толықтырылды. Жазаның қатаңдатылуы оң нәтиже беретініне сенім мол.

Руслан ТӨЛЕПБАЕВ, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:

— Аймағымызда 2017 жылдан бастап «Охотзоопром» мекемесіне қарасты Баянауыл тірек бекетінің инспекторлары жануарларды қорғау бойынша маңызды миссияны мүлтіксіз атқарып келеді.

Ақбөкендерді заңсыз аулаушыларға жаза күшейтілгеннен бері жануардың саны біршама өскені байқалады. Ақбөкендерді заңсыз аулау үшін жауапкершілік шараларын күшейту мақсатында Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің 2023 жылға дейін ғылыми мақсаттардан бөлек, киіктерді аулауға тыйым салу туралы бұйрығы шыққан. Бұл ретте, жануардың еркегін атқандарға 500 АЕК (1 миллион 400 мың теңге), аналығы мен төлін аулағандарға 350 АЕК (1 миллион теңге) айыппұл қарастырылған. Соңғы рет ақбөкендерді ату фактісі 2018 жылдың 9 тамызында орын алғанын атап өткен жөн. Киелі жануар Баянауыл және Май аудандарының аумағында мекен етеді. Бүгінде облыс аумағын шамамен 25 мың ақбөкен тіркелген.

Киіктерді заңсыз аулау үшін жауапкершілікті күшейту мақсатындағы шара нәтижесін беріп отыр. Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жануарларды заңсыз атқан азаматтарға қандай жаза тағайындалатынын жиі жариялау керек. Бұл да қарақшыларға ой салатыны анық.

 

Марина РЕГАТУНОВА, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты облыстық «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы:

— Тұрғындардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін экологиялық бағыттағы жұмыстарға тарту қажет. Бұл істің басы-қасында жүрмеген адам табиғатты, оның ішінде жануарлар дүниесін қорғаудың маңыздылығын жан-тәніммен сезіне алмайды. Браконьерлер алыстан келмейді ғой. Барлығы — осы жердің тұрғындары. Олар әр жануардың өлімі табиғаттың тепе-теңдігін бұзатынын ұғынуы қажет. Айтпағым, жануарларды қорғау жөніндегі тәлім-тәрбиені балабақшадан, мектептен бастау керек. Бала жәндікке қатыгездік жасап, оны азаптап, ойнап отырса, бұл – ата-ананың алаңдауына үлкен себеп. Мәселенің бәрі бала кезде құмырсқа төбелестіріп, жаралы кептерді жұлқылап ойнап отырғаннан басталады. Балаға «Оның да жаны бар, жәндікті азаптауға болмайды» дегеніңіз ақыл емес, бұл – мораль. Ал ХХІ ғасырдың баласына мораль әсер етпейді. Бала «Неге болмайды?» деп сұраса, үлкендер «Болмайды деген соң болмайды» деп жауап береді. Кейбірі «Өзіңді біреу осылай азаптаса, жақсы ма?» деп зекиді. Осымен бітті. Асылы, балаға сол жәндіктің, жануардың киелі екенін көрсететін ғибратты әңгімелер айтылуы керек. Жануарлар туралы әсерлі әңгімелер естіп өскен баладан браконьер шықпайтынына сенімдімін.

«Алаңды» үйлестірген – Оралхан  ҚОЖАНОВ.