Ақсу өңірінде жыл сайын «Қамқорлық» қайырымдылық айы ұйымдастырылады. Соның барысында әлеуметтік тұрғыдан осал топ өкілдеріне түрлі көмек көрсетіледі. Биылғы қамқорлық айлығы аясында да «Жан жылуы» концерт-марафоны өтті.
Аталған шара қалалық ардагерлер кеңесінің қорына қаржы жинауға бағытталған. Биыл 20-сыншы рет ұйымдастырылып отыр. Қайырымдылық шарасына қала әкімінің міндетін атқарушы Марат Зенов қатысып, ізгі лебізін білдірді.
— Жыл сайынғы қайырымдылық шарасынан жиналған қаражат соғыс және еңбек ардагерлері, мүгедектігі бар тұрғындар мен басқа да аз қамтылған азаматтарға қолдау көрсетуге бағытталады. Мұндай марафонды өткізу игі дәстүрге айналып келе жатқаны көңіл қуантады, — деді М.Зенов.
Марафон бастау алған сәттен-ақ арнайы комиссия төрағасы, Ақсу қаласының Құрметті азаматы Валентина Хохлова бастаған комиссия жұмысқа кірісті. Олар қорға аударылған қаржының есебін жүргізді. Ал бұл уақытта жиналған қауым назарына жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концерт ұсынылды.
Шара соңында Валентина Хохлова бастаған топ есеп берді. Айтуынша, марафон барысында барлығы 1 млн 986 мың 750 теңге жиналды. Мұндай соманы мұғалімдер, шаруашылық басшылары, кәсіпорындар ұжымы, мәдениет мекемелерінің өкілдері жинап берді. Жиналған қаражат көмекке мұқтаж егде азаматтардың қажеттілігіне жұмсалады.
Өз тілшіміз.