Ақтоғай ауданында көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында кешенді және жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ауданның төтенше жағдайлар бөлімі мен полиция қызметкерлері бірлесіп, Сілеті өзеніндегі гидрологиялық жағдайды бақылауға алып, алдын алу шараларын күшейту үшін Шолақсор ауылына арнайы іссапар ұйымдастырды.
Жүргізілген жұмыстар аясында «KMD HOLDING» ЖШС-нің қолдауымен Сілеті өзенінің арнасында жарылыс жұмыстары ұйымдастырылып, жүзеге асырылды. Бұл әдіс – мұз кептелістерін болдырмаудың ең тиімді тәсілдерінің бірі. Жарылыс нәтижесінде қалың мұз қабаты ұсақталып, өзен ағысының еркін жүруіне жағдай жасалды.
Жалпы, жарылыс жұмыстары өзеннің үш учаскесінде жүргізілді. Мұз жамылғысын ұсақтау жұмыстарының жалпы ауданы 1000 шаршы метрді құрады. Бұл көлем өзендегі мұз қозғалысын жеңілдетіп, су тасқыны қаупін айтарлықтай төмендетуге ықпал етеді.
Мамандардың айтуынша, мұндай алдын алу шаралары уақытылы жүргізілген жағдайда төтенше жағдайлардың алдын алып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да өзен-көлдердегі жағдай тұрақты бақылауда болып, қажет болған жағдайда қосымша шаралар қабылданатын болады.
А.БОРАНБАЕВА.
Ақтоғай ауданы.
