Екібастұз қаласына қарасты Солнечный кентінде кешенді жаңғыртудан өткен дене шынықтыру-сауықтыру кешені қайта іске кірісті. Енді жергілікті тұрғындар мен жеткіншектердің спортпен тұрақты түрде айналысуына мүмкіндік бар.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен кең ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, соның аясында жылу, су, желдету жүйелері толығымен жаңартылды. Сонымен қатар, ғимараттың қасбеті мен іші жөнделіп, жаттығу залы, үстел ойындарының залы жаңа спорттық құралдармен қамтылды.
— Солнечный кентінде 6,5 мың адам тұрады. Оның бір мыңға жуығы – балалар. Бұл ретте дене шынықтыру–сауықтыру кешені, әсіресе оның ішіндегі бассейн әркез сұранысқа ие болғанын атап өтпеске болмас. Сондықтан оны қалпына келтіріп, заманауи кейіпке айналдыруды жөн деп шештік. Ендігі ретте бұл нысан жоғары жетістіктерге жетелейтін алаңға айналарына сенемін, — деді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин.
Жаңғыртудан өткен спорттық нысан күніне 60-тан астам адамды қабылдай алады. Олардың қатарында қарапайым тұрғындар да, ГРЭС-2 станциясының қызметкерлері де бар. Мұнда тұрғындарға бұқаралық спортпен айналысумен қатар, жүзу бойынша жарыстар мен жыл сайынғы спартакиадалар ұйымдастырылмақ.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.