Ольгин ауылдық округіне қарасты Тимирязев ауылында күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйі салтанатты түрде ашылды. Мерекелік іс-шараға аудан әкімі, ауыл тұрғындары мен жергілікті өнерпаздар қатысты.
Тимирязев ауылы — ауданның шалғай жатқан елді мекендерінің бірі. Мұнда мәдениет ошағы 1985 жылы бой көтерген. Сол уақыттан жөндеуден өтпеген нысанның шатыры жұқарып, жаңбыр жауса төбесінен су ағатын күйге жеткен. Биыл бұл бағытта облыстық бюджет есебінен 158 млн теңге қаржы бөлініп, мәдени ғимараттың сәні мен салтанаты арта түсті.
— Мұнда алдымен демонтаж жұмыстары жүргізілді. Әлеуметтік нысанның шатыры жаңадан салынды. Терезелері ауыстырылды. Жаңа қазандықтар орнатылды. Сондай-ақ, едені, қабырғалары мен бөлмелері жаңарды. Сахна кеңейіп, орындықтар саны артты. Бұл қосымша үйірмелер ашуға үлкен мүмкіндік береді. Жаз бойы жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары жергілікті әкімдік, халық қалаулылары мен комиссия мүшелерінің назарында болып, құрылыс нысанында бақылау жүргізілді, — дейді мәдениет үйінің әдіскері Бауыржан Дүйсекеев.
А.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.