Жаңатілектегі жобалар

Мау 5, 2025

Биыл Баянауыл ауданы Жаңатілек ауылында «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша бірнеше жоба қолға алынды. Сол арқылы жергілікті жұртшылыққа қолайлы жағдай жасау көзделіп отыр.

Мемлекеттік бағдарлама аясында елді мекенде жаңа дене шынықтыру–сауықтыру кешені салынады. Мердігер компания – «ENDEAVOUR ПВ» ЖШС. Бұл компаниямен келісімшарт сомасы – 370,2 млн теңге. Таяуда аудан әкімі Ардақ Кісентаев осы құрылыс алаңына арнайы барып қайтты. Белгілі болғандай, жоспарлы іс баяу жүріп жатыр. Сондықтан негізгі ғимараттың фундаментіне өзгерістер енгізілді. Ал мердігер алдағы аптада қарқынды қосуы тиіс.

Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша «Экибастузтеплоэнергомонтаж» ЖШС ауыл ішіндегі жолдарды жөндеп, 4,7 шақырым жолға толығымен асфальт төседі. Енді жол белгілері қойылады. Жол мәселесін шешуге 231 млн теңге бөлінді.

Сол сияқты көше жарығы ретке келтірілмек. Бүгінде мердігер – «Хлебстрой» ЖШС 165 баған мен 30-дан астам шамды орнатты. Бүгінде SIP кабельдері тартылуда. Жаңатілектегі көшелерді жарық қылу үшін қазынадан 115 млн теңге қарастырылды.

Осылайша, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасында елді мекеннің инфрақұрылымы жақсарып, ауыл тұрғындарының спортпен айналысуына оңтайлы мүмкіндік қарастырылмақ.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.