Железин аудандық ауруханасы тағы да жаңа жабдықпен толықты. Бұл жолы медициналық мекемеге артериялық қысымды тәулік бойы бақылайтын аппарат әкелінген.
Бұл — жүрек-қантамыр жүйесінің жағдайын диагностикалауда таптырмас құрылғы.
– Аталған жабдық тәулік бойы артериялық қысым деңгейі туралы толық әрі объективті ақпарат алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ауруларды ерте анықтауға жағдай жасайды, — делінген аудандық аурухананың мәліметінде.
Сонымен қатар медицина мекемесіне фото-терапия аппараты да түскен. Бұл фототерапиялық сәулелендіргіш аппараты жаңа туған сәбилердің физиологиялық сарғаюын емдеуде қолданылады. Мамандар осы аппаратпен нәрестелердің сауығып кетуін барынша жылдамдатуға мүмкіндік беретінін айтады. Сондай-ақ, аппаратпен жүргізілетін емдеу шарасы ең қауіпсіз әдіс саналады.
Ауруханаға иілгіш эндоскоптарды жууға арналған арнайы автомат та алыныпты. Бұл заманауи аппарат эндоскопиялық жабдықтарды мұқият дезинфекциялау үшін аса қажет. Мұндай құрылғыны қолдану пациенттер үшін де, медициналық қызметкерлер үшін де қауіпсіздік деңгейін төмендетуге, инфекция қаупін де азайтуға мүмкіндік береді.
Медицина мекемесінің ұжымы соңғы уақытта аурухананың мүмкіндіктері кеңейіп, тұрғындарға көрсетілетін көмектің сапасы жаңа деңгейге көтеріліп жатқанына риза.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ, Железин ауданы.