Жаңа кабинет ашылды

Нау 19, 2026

Баянауыл ауданындағы Шәкен Айманов атындағы мектеп-интернатында «Мектепке тағзым» жобасы аясында заманауи математика кабинеті ашылып, салтанатты түрде тұсауы кесілді.

Жаңа кабинетке аталмыш білім ордасында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ардагер ұстаз Марқама Тағайқызы Тағаеваның есімі берілді. Сынып заманауи құралдармен толықтырылып, интербелсенді панель, ноутбук және принтер сыйға тартылды. Бұл – оқушылардың сапалы білім алуына, заманауи технологияларды пайдалана отырып сабақ өткізуге жасалған үлкен қолдау, – деп атап өтті мұғалімдер қауымы.

Салтанатты шара барысында Марқама Тағайқызының ұлы Қаныш Молдабаев пен келіні Айтжамал Мұқышева сөз алып, анасының ұстаздық жолы, адамгершілік қасиеттері мен шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі туралы естеліктерімен бөлісті. Жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Осынау игі бастама алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Бұл – ұрпақтардың ардақты анаға, аяулы ұстазға деген құрметі мен білім алған алтын ұяға деген деген шынайы тағзымының жарқын көрінісі екені сөзсіз.

Н.АҚЫТЕГІ.

Баянауыл ауданы.