Жаңа мектепке барады

Мам 15, 2025

Тілектес ауылында жұртшылық көп күткен жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде.

Жуырда Павлодар облысы әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов ауданға арнайы барып, заманауи нысанның қазіргі жағдайымен танысты. Мердігер құрылыс сапасы, жұмыстың орындалу барысы мен тапсырылатын мерзімі туралы баяндады. Аққулы ауданының әкімі Руслан Мұқанов жаңа мектеп 90 оқушыға арналғанын атап өтті. Жоба аясында іші кең әрі заманауи талаптарға сай білім ордасы бой көтеретін болады. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталады деп күтілуде. Осылайша, ауыл оқушылары жаңа оқу жылын жаңа мектепте қарсы алатын болады.

Серік Барлыбайұлы жауапты тұлғаларға тиісті тапсырма беріп, әлеуметтік нысанның уақытылы пайдалануға берілуі назарда болатынын айтты.

Еске сала кетейік, Тілектес ауылындағы ескі білім беру мекемесі 1972 жылы қамыстан салынған болатын.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.