Жаңа нысан – тұрғындар игілігіне

Там 14, 2025

Ауыл балалары енді допты бос алаңқайларда емес, заманауи талаптарға сай салынған жаңа футбол алаңында тебетін болды. Жуырда Май ауданының Жұмыскер ауылында жаңа спорттық нысанның ашылу салтанаты өтті.

Футбол алаңының салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімі Қ.Сәтиев және ауыл ақсақалы Н.Теміржанов құттықтау сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын қуанышты сәтпен құттықтады. Ауыл жұртшылығына арнап киіз үй тігіліп, дәстүрлі ұлттық тағамдар – кымыз бен бауырсақ ұсынылды. Сонымен қатар, Жұмыскер және Қызылеңбек ауылдарының командалары арасында футболдан жолдастық кездесу өтті. Олар жаңа алаңда алғаш рет доп теуіп, өз шеберліктерін көрсетті.

Футбол алаңының құрылысына облыстық бюджет есебінен 16 млн теңге бөлінген. Нысанның құрылысы маусым айында басталып, шілде айының соңында аяқталған. Алаң қауіпсіздік үшін қажет қоршауымен, жарықпен және бейнебақылаумен қамтамасыз етілген.

Жаңа спорт алаңы ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізіп, салауатты өмір салтын сақтауға зор мүмкіндік береді.

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.