Тереңкөл ауданына қарасты Ивановка ауылының медициналық пункті бұған дейін қос пәтерлі үйдің бір бөлігін паналап келген еді. Өткен жылдың соңында аталмыш ауылдағы медициналық мекеме жаңа салынған ғимаратқа көшті.
Жаңа қоныс медициналық қызмет-керлерге де, ауыл тұрғындарына жайлы. Ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Азамат Маңғұтов бұл нысан Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту бағдарламасы» шеңберінде салынғанын атап өтті.
– Ауыл тұрғындарына қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Осы нысан — соның нақты дәлелі. Жаңа медициналық пункт заманауи талаптарға сай бой көтеріп, ауыл халқының қажеттілігін толық қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңа ғимарат ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға өз септігін тигізері сөзсіз, – деді аудан әкімі.
Медициналық пунктте ем-шара
кабинеті қарастырылған. Мұнда заманауи жабдықтар орнатылыпты. Атап айтсақ, өкпе жұмысын тексеретін спирометр, жүрек қағысын қадағалайтын кардиограф, тыныс алу ағзалары мен құлақ ауруларын емдеуге арналған аппараттар бар. Медициналық пунктте медбике жұмыс істейді. Ал дәрігер аптасына бір рет Алтай ауылынан келіп, тексеріс жүргізеді. Ивановка ауылында 500-ден астам адам тұрады.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.
Тереңкөл ауданы.
