Көпқабатты үйлер тұрғындарына жоғарыға көтеріліп, төмен түсуіне мүмкіндік беретін лифттердің пайдасы зор. Олармен әп-сәтте қалаған қабатқа көтерілуге болады. Алайда ескірген, техникалық тексерістен өтпеген мұндай жеделсатылар адам өміріне керісінше қауіп тудыруы мүмкін.

Ақсу қаласындағы 23 көпқабатты үйде тұрғындардың жайлылығы үшін жеделсатылар қарастырылған. Аталмыш баспаналарда барлығы 73 лифт бар. Өкінішке қарай, олардың 31-інің пайдалану уақыты әлдеқашан өтіп кеткен. Яғни, олар осыдан ширек ғасырдан астам уақыт бұрын үйлерге қойылған.

— Заң талаптарына сәйкес, жеделсатылардың жалпы қандай жағдайда екенін жергілікті тұрғын үй инспекциясы қадағалайды. Ал оны жаңартуға кондоминимум нысанының иелері, яғни сол көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтерлердің қожайындары жауапты. Бірақ кейбір тұрғындар бұған селқос қарап, жеделсатыларды ауыстыруға бей-жай қарайды. Бұл олардың өмірлеріне қауіп тудыруы мүмкін, — дейді Ақсу қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Динара Зайсанова. Бұл ретте инспекция басшысы тұрғындар мемлекеттік бағдарламаға қатысу арқылы немесе ай сайын пәтердің көлеміне қарай жарналар аудару арқылы қаржы жинап, жаңа лифттер қоя алатынын түсіндірді. Осы орайда тұрғындар тарапынан «Сонда біз қызмет көрсетуші компанияға не үшін ай сайын төлем жасап отырмыз?» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Динара Зайсанованың айтуынша, мұндай төлемдер тәулік бойы техникалық бақылау, апаттық қызмет, ай сайынғы техникалық бақылау, жыл сайынғы жөндеуге жұмсалады.

 

Қ.ҚАБЫЛДЕНОВА.