Екібастұз қаласында көпқабатты баспаналардағы лифттердің көбі ескірген. Сондықтан жергілікті билік тұрғындар-мен кездесіп, мемлекеттік бағдарлама аясында жеделсатыларды жаңартудың жолдарын ұсынуда.
Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, жоспар бойынша кеншілер шаһарында кем дегенде 10 лифтті ауыстыру керек. Олардың барлығы мемлекеттік бағдарлама бойынша жаңғыртудан өтеді. Яғни, алдымен қажет қаражат бюджеттен бөлініп, тұрғындардың жоғары қабаттарға алаңсыз көтерілуіне қауіпсіз жағдай жасалады. Кейін тұрғындар келісімшартта көрсетілген мерзімде сол соманы бөліп төлеп, қайтарады.
Ал бұл ретте тұрғындар өндірістік сараптама жүргізуге тапсырыс беріп, жауапты компаниямен күрделі жөндеу жүргізуге қатысты келісімшарт жасауы керек. Алдағы уақытта осы жұмыстарды қолға алған Сәтбаев көшесі, 3 және 12, Мәшһүр Жүсіп көшесі, 58/1, 64Б, Беркімбаев көшесі, 104/2 және тағы басқа бірнеше үйде жеделсатыны ауыстыру бойынша жұмыстар басталады.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.