Екібастұз қаласындағы көпқабатты үйлерде орналасқан лифттердің жартысына жуығы әбден ескірген. Оны жаңарту үшін жергілікті билік арнайы бағдарламаны қолға алды.
Шаһар басшысы Аян Бейсекиннің айтуынша, қалада барлығы 329 лифт бар. Оның ішінде 170 жеделсатының нормативтік мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Көпқабатты баспана барлық инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымымен бірге пәтер иелерінің ортақ мүлкі болғандықтан, лифтті жаңартуға да өздері жауапты.
— Қолданыстағы заңнаманы түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқанымен, кей тұрғындар жеделсаты жаңарту мәселесін жіті білмей жатады. Бұл ретте лифттерді жаңғыртуға қатысты арнайы бағдарлама қолға алды. Бұл мақсатқа шамамен 200 млн теңге қарастырылды. Қазіргі уақытта 10 жеделсатыны жаңарту бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Олар қазан айында аяқталуы тиіс. Тағы 8 өтініш қаралуда, — дейді шаһар басшысы.
Бұл бағдарламаға сәйкес, тұрғындардың өздері тұратын подъезде жаңа лифт қойып, оның ақысын 7-10 жыл аралығында ай сайынғы төлем арқылы өтеуге мүмкіндігі бар. Қайтарымды қаржы басқа жеделсатыларды жаңартуға жұмсалады. Оған қоса, келесі жылы бюджеттен тағы қаржы қарастыру жоспарда бар.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.