Ақсу қаласының индустриялық аймағында келесі жылы картоп өңдеу орны іске қосылмақ. Мұнда чипсы мен ұн өндіру жоспарланып отыр.
Елімізге картоп өсірумен танымал «Ақтоғай Агро» ЖШС енді оны терең өңдеуге көшуді көздеп отыр. Атап айтқанда, Ақсу қаласының индустриялық аймағында жылына 10 мың тонна шикізатты өңдейтін кәсіпорын ашпақ. Таяуда шаһар басшысы Болатбек Шәріпов пен инвестор – Александр Терентьев кездесіп, жобаның негізгі кезеңдері мен инфрақұрылым мәселелерін талқылады.
Жоспар бойынша, кәсіпорында «GRIZZLY» және «SLANG» сауда белгілерімен картоп чипстері шығарылады. Өндірістік қуаттылығы – жылына 3 мың тоннаға дейін. Ал қалдықтардан картоп ұнын өндіру жоспарланған.
Бұл ретте дайын өнімнің 85 пайызы ішкі нарыққа, қалғаны экспортқа жөнелтіледі. Кәсіпорынды келесі жылы іске қосу ойда бар.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.