Өткен аптада облыстық мәслихаттың төрағасы Илья Теренченко мен аграрлық комиссия төрағасы Болат Аманжоловтың жетекшілігімен кезекті аграрлық мәселелер жөніндегі комиссия отырысы өтті. Келелі кездесуде жайылымдық және шабындық жерлерді ұтымды пайдалану, пайдаланылмайтын жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарының барысы талқыланды.

Комиссия жұмысына жергілікті ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері мен қоғамдық кеңес мүшелері, Ақсу қаласы мен Павлодар облысы бойынша ауылдық округтерінің әкімдері, сондай-ақ, агроөнеркәсіптік кешен мәселелерімен айналысатын облыстық басқармалардың басшылары қатысты. Аграрлық комиссия төрағасы Болат Аманжолов жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды іске асыру барысымен танысып, комиссия мүшелерінің жер мәселесі бағытында қойған сұрақтарына заң аясында жауап берді. Оның айтуынша, Мемлекет Басшысының ауыл шаруашылығы мақсатына беріліп, игерілмей жатқан жер учаскелерін мемлекетке қайтару туралы тапсырмасына сәйкес, өткен жылы облыс бойынша 300 мыңнан астам игерілмей жатқан жерлер анықталды.

– Бүгінде жер учаскесін нысаналы мақсат бойынша пайдаланбаған азаматтарға бір жылға нұсқама беріледі. Егер, олар жерлерін мақсатқа сай пайдаланбаған жағдайда нұсқаманың уақыты өткеннен кейін Жер кодексіне сәйкес мемлекет меншігіне мәжбүрлеп қайтару жұмыстары жүргізіледі. Жалпы, игерілмеген жерлерді қайтаруда кедергі келтіретін біраз мәселе бар. Яғни, аудан аумағынан жер алғанымен малы басқа ауданда есепте тұрғандарға немесе жерінің тек қана 20 пайызын игеріп отырғандарға заң аясында шара қолдана алмаймыз. Өйткені, Жер кодексінің 92 бабы бойынша жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормасының 20 пайызынан артық болуы, игерілген жер болып саналады. Сондықтан, 20 пайызды 50 пайызға дейін көтеру қажет, — деді Б.Аманжолов. Сонымен қатар, отырыс барысында облыстық мәслихаттың төрағасы Илья Теренченко пайдаланылмайтын жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, сондай-ақ, оны әрі қарай шаруалар арасында әділ бөлу керектігін айтты. Оның сөзінше, жергілікті әкімдіктерге ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен бірлесе отырып, жайылымдық және шабындық жерлердің бірыңғай мемлекеттік кадастрын толтыру және өңірлік геоақпараттық жүйелерді іске қосу жөніндегі жұмыстарды жеделдету қажет.

— Мемлекет Басшысы жеке қосалқы шаруашылықтардың кооперациясын дамытуды ынталандыру керектігін атап өтті. Бірақ егер ауылдарда жайылымдық жерлер болмаса, онда қандай даму туралы айтуға болады? Жерлер бюрократиялық кедергілерге байланысты пайдаланылмай қалмауы тиіс, оны ел экономикасы үшін тиімді жұмыс істету керек. Бұл мәселені тезірек және әділ шешудің басқа тәсілдері мен тетіктерін қарастырып, барлық көтерілген мәселелерді егжей-тегжейлі пысықтау қажет, — деді мәслихат төрағасы. Мәслихаттың күн тәртібіне сәйкес хабарлама жасаған Қызылжар ауылдық округінің әкімі Дәулет Әбілдиновтың айтуынша, аталмыш ауылдық округтің жалпы ауданы – 106 мың гектардан астам жерді құрайды. Оның ішінде ауылдық елді мекендердің жерлері – 23 мың гектар, жайылымдық жерлер – 31 мың гектар, арнайы жер қорының жерлері  34 мың гектар шамасында.

— Бүгінгі таңда халыққа мал жаю үшін ауданы — 6863,7 гектардан 10 жер учаскесі рәсімделді, сондай-ақ, жалпы ауданы — 3053,31 гектарды құрайтын 4 жер учаскелері рәсімдеу сатысында тұр. Есептеулерге сәйкес 897 басқа арналған жайылымдық жердің қажетті ауданы 8 521,5 га құрайды. Бүгінде тұрғындар, шаруа және фермер қожалықтары арасында жерді ресімдеу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, — деді Д.Әбілдинов. Бұдан бөлек, отырыс барысында Достық ауылдық округінің әкімі Айгүл Бекбергенова аталмыш елді мекеннің тұрғындарын жайылымдық алқаптармен қамтамасыз ету және жайылымдарды ұтымды пайдалану жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру бойынша атқарылған жұмыстармен таныстырып өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Достық ауылдық округінде, атап айтқанда Береке ауылында, Достық ауылында, сондай-ақ, Спутник станциясында
мал жаю үшін жайылым тапшылығы бар. Жалпы мал басына жайылымның тапшылығы 10 900 гектарды құрайды. Сондай-ақ, жиында комиссия мүшелері мен облыстық мәслихат депутаттары жергілікті агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелерін талқылады. Талқылау барысында ауыл шаруашылығы өндірісінің ардагерлері өңірдегі аграрлық саланы жақсарту бойынша өз ұсыныстарын айтып, тәжірбиелерімен бөлісті. Уәкілетті орган басшылары мен ауылдық округ әкімдері депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелерін қызықтырған барлық сұрақтарға жауап беріп, түсініктемелер берді. Айта кетейік, биыл жер иелерінің өз учаскелерін және жергілікті атқарушы органдарды ауыл шаруашылығы жерлерін берудің заңдылығы бойынша пайдалану жауапкершілігі күшейтілді. Нақтылап айтсақ, 2023 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарының жер заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілігін белгілеу бөлігінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң қабылданды.

А.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.