Жаз бойы бел жазбай еңбек еткен диқандар қауымы егін жинау науқанын аяқтауға жақын. Шаруалардың ақ егіске орақ салып, егінжайды жинауға кіріскеніне екі айдың жүзінен асты. Ағымдағы жылы өңірде егін жинау алаңы шамамен 1,4 млн гектарды құрайды. Бүгінде кең алқаптардағы егінді уақтылы жинап алуға білек сыбана кіріскен шаруалардың қызу жұмысы бел ортасынан асты. Десе де, атқаратын шаруа әлі де жетеді. Себебі мол астықты дер кезінде жинап алумен қатар, оны сақтап, кептіріп, игілікке асыру да — ұшан-теңіз жұмыс.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Есентай Мүрсәлімовтің мәліметінше, биыл облыс бойынша жалпы егістік алқабы 1 млн 406 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 928 мың гектарға дәнді дақылдар, 374 мың гектарға майлы дақылдар егілген.
— Қазір орақ науқаны қызу жүріп жатыр. Жалпы алқаптың 56 пайызы орылды. Оның ішінде дәнді дақылдардың 85 пайызы жиналды. Өнімділік гектарынан 12 центнерді құрайды. Майлы дақылдардың 0,6 пайызы жиналды. Орташа өнімділік — гектарына 11,7 центнер. Картоп пен көкөністердің де жартысынан көбі жиналып, бақша өнім-дерінің айналасындағы жұмыс 100 пайызға аяқталды. Бұдан басқа, 70,8 мың гектардан жем-шөп дақылдары, 24,8 мың
гектардан картоп жиналуда. Облыс бойынша барлығы 789,4 мың гектарды немесе ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егін жинау алаңының 56 пайызы жиналды, — деді ол.
Биылғы ауа райының ерекшеліктеріне байланысты жиналған астықты кептіріп, сақтау мәселесі де үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Яғни, егістік алқаптарынан егін жинау жұмыстарынан бөлек, қазіргі уақытта жергілікті диқандардың алдында жаңа егіннің астығын жетік өңдеуді және сақтауды тиімді ұйымдастыру міндеті тұр. Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, елімізде сақтау сыйымдылығы 13,2 миллион тоннадан асатын 191 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны бар екен. Айта кетейік, астықтың сақталуын қамта-масыз ету үшін жаңа астық қойма-
ларын салу және қолданыстағы-ларын кеңейту арқылы элеваторлық қуатты арттыру жөнінде шаралар қабыл-данған. Осылайша, 2024-2026 жылдары сыйымдылығы 30,2 мың тоннаны құрайтын 5 астық қоймасын іске қосу жоспарланып отыр.
Ал облыста жалпы сыйымдылығы 277,3 мың тонна 6 элеватор жұмыс істеп тұр. Оның ішінде «Жолқұдық элеваторы» ЖШС — 65 мың тонна, «АТО Шарбақты элеваторы» ЖШС — 48,5 мың тонна, «Павлодар Нива» ЖШС —
50 мың тонна, «Арго» фирмасы ЖШС — 30 мың тонна, «Ертіс Агро» ӘКК ЖШС — 46,8 мың тонна және «Group KSM» ЖШС 37,0 мың тонна астық сақтауға мүмкіндік береді.
— Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде 261 бірлік қойма үй-жайлары (сыйымдылығы 912 мың тонна) бар. Сондай-ақ, облыста 82 бірлік астық кептіру жабдығы (тәулігіне 1651 тонна), 196 бірлік астықты тазартуға арналған жабдық (тәулігіне 6072 тонна) бар. Ал картоп пен көкөніс өнімдерін сақтау үшін жалпы сыйымдылығы 495 мың тонна болатын 149 көкөніс қоймасы бар. Оның ішінде сыйымдылығы 455 мың тонна болатын 130 бірлік заманауи жабдықтармен, сыйымдылығы 58 мың тонна болатын 13 тоңазытқышпен жабдықталған, — деді Е.Мүрсәлімов.
Сонымен қатар, бөлім басшысы биыл облыс алқаптарындағы шығы-мдылық деңгейінің әр түрлі болуына бірнеше себеп әсер еткенін атап өтті. Оның сөзінше, балл бонитет, ауыспалы егістік және де осы егінді еккен кездегі барлық технологиялардың сақталуы өзінің әсерін тигізеді.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.