Облыста күзгі жиын-терім жұмыстары қызу жүріп жатыр. Шаруалар үшін әр күн — қысқа азық. Сондықтан олар уақыт оздырмай өнім жинап алу үшін барын салып, тынбай еңбек етуде.

Биылғы қуаңшылықтың салдары шаруашылықтарға оңайға соғып тұрған жоқ. Соған қарамастан, жерден несібесін табатын шаруалардың ісінде кідіріс жоқ. Олар аптап ыстықтан «аман қалған» өнімдерін шашпай-төкпей жинап, кейін кәдеге жарату үшін тырысып-ақ жатыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде 347 гектарға егілген дақылдар жиналды. Бұл – жоспардың 37 пайызы. Бұл ретте өнімділік былтырғымен салыстырғанда екі есе төмен екенін атап өтпеске болмас. Өткен жылы шаруалар әр гектардан 9,9 центнер өнім алса, биылғы көрсеткіш гектарынан 4,5 центнерді ғана құрап отыр. Жалпы, бүгінде 157 мың тонна дақыл алынды. Картобымен танымал біздің облыс көктемде салған тұқымнан шыққан өнімді жинауға мықтап кірісті. Осы уақытқа дейін шаруалар 8,3 мың гектардан өнім алды. Бұл дегеніңіз – 262 мың тонна. Яғни, орта есеппен алғанда бір гектар жерде 317 центнер картоп шықты. Көкөністердің өнімділігі картоптан сәл жоғары. Бүгінде 2,9 мың гектардан барлығы 118 мың тонна болатын бірнеше көкөніс түрі жиналды. Өнімділік гектарына 413 центнерді құрап отыр. Ауылдағы ағайынның басты мәселесі қысқы мал азығын дайындау боп отырғаны белгілі. Биыл Ертістен судың жылдағыдан аз жайылуы, ала жаздай бір тамшы жаңбырдың жаумауы шөптің шығымдылығына кері әсер ететіні айдан анық. Дей тұрғанмен, шаруалар шабындыққа шалғы салып, мал азығын әзірлеудің қамымен жүр. Қазіргі таңда барлығы 830 мың тонна жиналып, оның 640 мың тоннасы қыстақтарға жеткізілді. Сонымен қатар, былтырғыдан қалған 220 мың тонна шөп қоры бар. Еске сала кетсек, өткен аптада Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев солтүстік өңірлердегі қолайсыз ауа райына байланысты астық өндірумен айналысатын фермерлік және шаруа қожалықтарына қаржылай және өзге де қажетті көмек көрсетуді тапсырған еді.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.