Келесі жылы Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылында «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында бірқатар игі іс атқарылмақ. Аталған жұмыстар аясында ауылішілік көшелер жөнделіп, ауылдық мәдениет үйі мен орта мектеп күрделі жөндеуден өтпек.
Мәселен, аталған елді мекеннің Абай (1,6 шақырым), Ы. Алтынсарин (1,2 шақырым), Тәуелсіздік (0,6 шақырым) көшелері бойынша ауылішілік жолдардың орташа жөндеуі жоспарланған. Жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге «Автодорпроект» жобалау ұйымымен келісімшарт жасалған. Ауылдық клубты да күрделі жөндеуден өткізу көзделген. Қазіргі уақытта конкурс рәсімдері жүргізілуде. Сондай-ақ, Алшынов атындағы орта мектепте күрделі жөндеуден өтпек. Егер қаржы бөлінген жағдайда облыстық білім басқармасы конкурс жариялауды жоспарлап отыр. Оған қоса, ата-аналардың өтініштері бойынша 2025-2026 оқу жылынан бастап Нығыман Алшынов атындағы Жалаулы орта мектебінде 10-сынып ашылады.
Ал бюджет қаражатының қысқаруы салдарынан биыл Балтасап ауылында шағын футбол алаңының құрылысы жүргізілмейді. Жобаның жүзеге асырылуы келесі жылға ауыстырылды.
А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.