Жолдарды жөндеу жалғасады

Там 21, 2025

Баянауыл ауданында соңғы үш жылдың ішінде 209 шақырым жол жөнделген. Алдағы уақытта көптің сұранысы бойынша тағы да үш ауылдың кіреберіс жолы жаңартылмақ.

Бүгінде аудандағы Майкөбе, Шөптікөл және Сұлужон ауылдарына кіреберіс автомобиль жолдарын орташа жөндеу жұмыстары аяқталуда. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл мәселе осыдан екі жыл бұрын Майқайың кентінде облыс әкімінің халықпен кездесуінде көтерілген екен. Содан кейін бірден жолдарды жөндеу туралы шешім қабылданып, жобалау жұмыстарына аудандық бюджеттен қаржы қарастырылған.

Осылайша, былтыр Сұлужон ауылына, ал биыл Майкөбе мен Шөптікөл ауылдарына және Сұлужондағы екінші жобаға облыстық бюджет есебінен қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, жолдар жаңартылып, көпшілік көңілінен шығуда. Ендігі кезекте Қарашат-Жаңа Жайма тас жолы мен Жаңатілек–Қаратомар аралығындағы жол жөнделеді деп жоспарлануда.

— Жолдар жөнделгеннен кейін жедел жәрдем, мектеп автобусы және қоғамдық көлік қатынасы едәуір жақсарып, тұрғындардың кедергісіз қатынауына мүмкіндік туады. Сондай-ақ, ауылдарға инвестиция тарту мен туризмді дамытуға жол ашылады, – дейді Баянауыл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Әлия Таукенова.

Н.АҚЫТЕГІ.