Жолдар жаңарды

Қыр 11, 2025

Екібастұз қаласында биыл көшелер мен квартал ішіндегі аумақ жолдарын асфальттау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Бұл мақсатқа облыстық және қалалық қазынадан қомақты қаражат бөлінді.

Жалпы, шаһардағы 10-нан астам магистраль мен қосалқы көше, 20-дан астам кварталішілік аумақ жолын ретке келтіру жоспарланған. Осы бағытқа бюджеттен 1,5 млрд теңге қарастырылды. Бүгінде аталған жұмыстардың 90 пайызы аяқталды. Қала әкімі Аян Бейсекин атқарылған істердің барысын байқап, мердігерлерге кемшіліктерді белгіленген уақытта жоюға қатысты нақты тапсырма берді.

— Негізгі магистральдік көшелердің жолын жөндеу жер астындағы инженерлік желілерді жаңартқан соң қолға алынады. Мәселен, биыл Ә.Молдағұлова көшесінің бойындағы су желілерін ауыстырған соң жолы да қалпына келтірілді. Сол сияқты Энергетиктер көшесіндегі №7 жылу магистралін жаңғырту жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта жолды жөндеуге қатысты есептеулер жүргізілуде. Қаржы бөлінген тұста бұл жолға да асфальт төселеді, — деді шаһар басшысы.

Сонымен қатар, Абай, Әуезов, Торайғыров, Момышұлы, Қонаев көше-леріндегі инженерлік инфрақұрылым да жаңартылған соң жол ретке келтіріледі.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.