Жолдар жаңарып келеді

Жел 4, 2025

Ақтоғай ауданында соңғы жылдары автожолдарды жаңарту жұмыстары қарқын алып келеді. Мәселен, аудан аумағынан өтетін республикалық маңызы бар «Атамекен–Ертіс–Русская Поляна» трассасының 33 шақырымдық бөлігіне орташа жөндеу жүргізілді.

Одан бөлек, облыстық маңызы бар Ақтоғай–Шолақсор автожолында да ұзындығы 49 шақырым болатын үш учаске жаңартылды. Бұған қоса, Естай ауылына кіреберіс 1,1 шақырымдық жолға қиыршық тас төселіп, «B&S 2017» ЖШС орындаған жұмыстар толық аяқталды.

Аудан инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған келесі ірі жобалардың бірі – Баскамыс–Қарақоға–Шұға–Жолболды бағытындағы 0–15 шақырым автожолын орташа жөндеу. Бұл жобаға «ПКФ Гордорстрой» ЖШС-мен 770 млн теңге көлемінде келісімшарт жасалып, жұмыстың негізгі бөлігін 2025–2026 жылдары орындау жоспарланып отыр. Биылға 100,5 млн теңге бөлінді. 2026 жылы Шолақсор ауылына кірме жолда көпір салу жұмыстары басталмақ. Көпір құрылысының жалпы құны – 495,3 млн теңге.

Сонымен қатар, Мүткенов ауылында да кентішілік 5,8 шақырым жол жөндеуден өтіп, елді мекен халқының қатынау мүмкіндігі жақсарды.

А.БОРАНБАЕВА.

Ақтоғай ауданы.