«Жол азабын жүрген білер» демекші, Амангелді ауылдық округінің тұрғындары көктем, жаз айларының жаңбырлы күндері көрші ауылға, аудан және облыс орталығына қатынауда көп қиындыққа тап болатын. Ауыл халқының көп күткен тілегі орындалып, ауылға кіреберіс жолға асфальт төселді. Жалпы ұзындығы 15 км жол жаңа кейіпке еніп, жұртшылық қуанышқа кенелді.
Атамекен—Ертіс—Русская поляна тас жолының бойында орналасқан Амангелді ауылының кіреберіс жолы 2022 жылы Қазақстан мен Ресей шекарасын демаркациялау кезінде Ресей Федерациясының шекаралық аймағында қалып қойған болатын. Өзекті мәселені шешу үшін жол салу қажетті туындады. Бірақ бұл оңай шаруа болмады. Бұл ретте Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов шешім қабылдап, қашықтығы 14.996 км құрайтын жол құрылысына республикалық, облыстық бюджеттен қаржы қарастырылды. Құрылыс 2023 жылдың жазында басталды. Алғашқы жылдары жол тағанын дайындау жұмыстары жүргізілді. Жоспар бойынша мердігер «Ай Су Мелиорация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жол құрылысын 2025 жылдың қыркүйек айында аяқтауға міндеттелген болатын. Бұл бағыттағы ауқымды жұмыс 2024 жылы қарқынмен жалғасып, ені 7 метр, ұзындығы 15 км құрайтын жолдың тағаны көтерілді. 15 су өткізетін үлкен диаметрлі бетон құбырлары орнатылды. Жолдың негізгі жұмыстары 2025 жылдың сәуір айында басталды. Қажетті техника жұмылдырылып, аталмыш жолға шиыршық тас төселді. Электр желісі де ауыстырылды. Шілде және қыркүйек айларында қалыңдығы 10 см болатын асфальт төселді. Жол сапасын тексерумен айналысатын «НЦКД» мемлекеттік мекемесі асфальттың қалыңдығын тексеріп, нормативке сай деген баға берді. Қазіргі уақытта жол құрылысы толығымен аяқталып, жол үстіндегі қажетті белгілер орнатылуда.
Аудан тұрғындары талай уақыт күткен ауқымды жұмыстың аяқталғанына дән риза. Олар көрші ауыл мен аудан, облыс орталығына жаңа жолмен қатынауда.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.
Ертіс ауданы.
