Негізі, күре жолдарға аса мән беріліп, ауылдағы көше-лердің назардан тыс қалып жататыны шындық. Алайда биыл Ақтоғай ауданының басшылығы жергі-лікті жолдарды жөндеу ісіне ерекше көңіл бөліп отыр. Айталық, бұған дейін мүлдем асфальт болмаған көшелерге асфальт төселіп, ауылдарға қатынайтын жолдар қалыпқа келтірілуде.

Мәселен, биыл ауданның көп жыл бойы жөндеу көрмеген 13 көшесі асфальтталуда.

Бұған дейін кедір-бұдыр, ойқы-шойқы жолдар техникаға да, жүргізушілерге де ауыртпалықтар әкелетін. Енді міне, асфальт төселген тақтайдай жол бойымен жүру жеңіл әрі тиімді болып отыр.

Ақтоғай ауылының әкімі Қуаныш Пістебаевтың айтуынша, аталған мәселені шешу мақсатында облыстық бюджеттен 190 млн теңге қаржы бөлінген. Бүгінде 13 көшенің 10-ына асфальт төселді.

— Биыл Ақтоғай ауылында облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен бонустық трансферт арқылы көптеген жоба атқарылып келеді. Осы жоба аясында ауылішілік 13 көшені асфальттауды жоспарлаған болатынбыз. Жұмыстар осы жылдың шілде айында басталды. Бүгінде сол көшелердің 10-ына тас жол төселді. Бір көше аяқталу сатысында. Ал қалған екі көшені жөндеу бойынша қайта конкурстық рәсімдер жүргізілді. Себебі, жұмысқа жауапты мердігер жауапкершілік танытпады. Қазіргі уақытта жаңа мердігер дайындық жұмыстарын бастап кетті. Аталған мердігер жұмыстарды қазан айына дейін аяқтауды жоспарлап отыр, — деді ауыл басшысы.

Бұрын асфальт болмаған, шаңы шығып жатқан ауыл шетіндегі көшенің қалыпқа келтірілгеніне елді мекен тұрғындары дән риза. Әсіресе, жасы үлкен азаматтар жол сапасы көңілден шыққанын айтады. Балалар да мәз-мәйрам болып, жаңа төселген асфальт үстінде ойын көрігін қыздыруда.

— Өзім 2-топтағы мүгедектігі бар адаммын. Сондықтан бұрын жүріп-тұруға қиын болатын. Сондай-ақ, жаңбыр жауса жол езіліп, адамдарға да, көлікке де ыңғайсыздық туғызатын. Ал қазір көшеміз түрленіп шыға келді. Түп-түзу жаңа асфальт төселді. Осы қарқынмен алдағы уақытта ауылымыздың орталық көшелері толық асфальтталып шығатын шығар деп үміттенеміз, — дейді ауыл тұрғыны Мақиза Сәкенова.

Осы жылдың соңына дейін тағы Приреченск, Жоламан, Харьков елді мекендерінің жолдары орташа жөндеуден өтеді. Нәтижесінде, жыл соңына дейін ауданда жол сапасы 90 пайызды құрамақ.

Көшелер жарық болмақ

Аудан және ауыл әкімдерінің халықпен есептік кездесулерінде, ауыл тіршілігі мен тұрмысына қатысты басқа да түрлі жиындарда тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін тақырыптың бірі – көшелерді жарықтандыру мәселесі. Көшелердің бойына орнатылған жарықтандыру шамдары ауызсу, газ, жол және байланыс салалары секілді ауыл мәдениеті мен көркінің ажырамас бөлігі болып есептеледі. Жарық жүйесі, тіпті іңір қараң-ғылығы түскенде іске қосылып, жолаушыға, әсіресе, мектептен қайтқан оқушыларға табан жолын көрсетіп қана қоймай, түнгі уақытта адамдар қауіпсіздігіне де қорған болады.

Жақында тұрғындардың өтініштері қабылданып, аудан орталығының көшелеріне жарық шамдары орнатылды. Одан бөлек, Ақтоғай және Приреченск елді мекендерінде футбол алаңы бой көтерді. Спорт нысаны жасанды көгалмен көмкеріліп, айналасы қоршаумен қоршалған. Ойын алаңын асыға күткен жастар қазір аумақтың қызығын көріп, доп теуіп жүр. Мұнда балалардан бөлек, ауыл тұрғындары да бос уақытын тиімді өткізе алады.

— Ауылымызда түрлі деңгейдегі спорттық жарыстарға қатысып жүрген жастарымыз көп. Әсіресе, 300-дей тұрғыны бар Приреченск елді мекенінің жастары үнемі жүлделі орындардан көрініп жүреді. Алайда олар бүгінге дейін ауылда футбол алаңы болмағандықтан аудан орталығына келіп шұғыл-данатын. Жуырда балалардың өтінішімен футбол алаңын салу қолға алынды. Оған аудандық бюджеттен 18 млн теңге бөлініп, жауапты мердігер жұмыстарды 14 млн теңгеге игерді. Мұндай футбол алаңы таяуда Ақтоғай ауылы орта мектебінің жанында да бой көтерді. Жаңа футбол алаңы ауыл жастарының спортқа деген ықыласын арттырып, ауылымыздың сәнін келтіріп тұр. Одан бөлек, жол жабындарының сапасын тексеру мақсатында «Жол активтерінің сапасы жөніндегі ұлттық орталығымен» келісім-шарт жасалды. Бүгінде Ақтоғай ауылының Жеңіс саябағындағы 700 шаршы метр аумағына кеспетас төсеу жұмыстары басталды, — дейді Қ.Пістебаев.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.

Ақтоғай ауданы.