Өткен айдың соңында Барлыбай ауылындағы жеңілдетілген су құбырының құрылысы аяқталды. Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 21, 33 шақырымды құрайтын Ақтоғай-Шолақсор аудандық маңызы бар автомобиль жолында орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Бұл туралы аудан әкімі Қаршыға Арынов Ақжол ауылдық округінің тұрғындарымен тұрақты кездесуі барысында айтты.

— Жолдың 14-15, 29-30, 35-47 учаскелері орташа жөндеуден өтеді. Келісімшарт «ПКФ Гордострой» ЖШС-мен жасалды. Бұл жоба 2023 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Былтыр 10 шақырымды жөндеу жұмыстары жүргізілді, — деді аудан әкімі.

Өткен жылдың 4 тоқсанында аудан басшысының Ақжол ауылдық округінің тұрғындарымен тұрақты кездесуінде
12 ескерту мен ұсыныс түскен. Оның ішінде 3 ұсыныс түсіндіріліп, оң шешімін тапты. Олардың арасында Ақжол ауылындағы шағын орталықты ойыншықтармен қамту, пошта бөлімшесін ашу және ауылдағы бейнекамералардың жұмысы бойынша мәселелер бар. Қалған
9 мәселе шешілуде.

 

Өз тілшіміз.