Аудан әкімі Нұрболат Мақашев әлеуметтік нысандардың, сондай-ақ, облыстық, аудандық және кентішілік жолдардың жөндеу жұмыстары жүріп жатқан учаскелерге арнайы барып, құрылыс барысын бақылап қайтты.

Бүгінгі таңда аудандағы Чернорецк-Ольгино-Успенка-Шарбақты жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігерлік ұйым ағымдағы жылдың шілде айының соңына дейін тозығы жеткен 15,3 шақырым жолды жөндеуден өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Тимирязев ауылына 14 шақырым, Богатырь ауылына 2,2 шақырым кірме жол және аудандық маңызы бар Луганск-Константиновка жолының 4,4 шақырымы жөнделеді. Успен, Константиновка, Тимирязево және Галицкое ауылдарында 10 шақырымды құрайтын 15 кентішілік жол жаңартылады.

— «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 5 шақырымнан асатын Қоңырөзек ауылындағы 6 көшені жөндеу жоспарланған. Бұдан басқа, ауылдағы мектепке күрделі жөндеу және аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Аудан орталығында биыл дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу бойынша екі жылдық жоба аяқталады. Жаңа спорт нысанын 2024 жылдың қазан айының соңына дейін тапсыру жоспарлануда, — деді аудан әкімі.

Аудан аумағындағы әлеуметтік нысандардың және жол жөндеу жұмыстарымен танысқан аудан басшысы мердігер мекеме өкілдеріне жөндеу жұмыстарына салғырт қарамай, сапалы мерзімінде орындауды, тиісті бөлім басшысына құрылыс барысын баяндап отыруды тапсырды.

 

А.МҰҚЫШЕВ.