Аққулы ауданында жылу беру маусымы тұрақты бақылауда. Ауданда 34 қазандық жұмыс істейді. Оның 23-і білім беру мекемелеріне, 7 қазандық мәдениет мекемелерінде, 3 қазандық «Аққу сервис» мекемесінің есебінде, 1 қазандық аудандық ауруханаға тиесілі. Бүгінде барлық қазандықтар қалыпты жұмыс істеп тұр.
Бұл туралы аудан әкімі Руслан Мұқанов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады. Аудан басшысы БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ағымдағы жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстарды толық баяндап берді.
— Бүгінде барлық мекемелер көмірмен толық қамтылған. Жылыту маусымына қатысты күрделі мәселе жоқ. Жалпы Аққулы ауданының тұрғындары үшін 18 мың тоннадан астам көмір қажет. Аудан орталығы – Аққулы ауылында екі көмір қоймасына көмір жеткізілді. Сонымен қатар, жеке азаматтар да қысқы отынды тасымалдауды жүзеге асыруда, —
деді аудан басшысы.
Биылғы атқарылған ауқымды жұмыстардың бірі – жол жөндеу. Аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы 292,5 шақырымды, ауыл арасындағы жолдардың ұзындығы 269 шақырымды құрайды.
— Биыл облыс әкімінің қолдауымен және облыстық бюджеттің есебінен 15,0 шақырым аудандық маңызы бар жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл Аққулы-Қазы-Майқарағай, Қарақала-Қазы-Баймолдин бағытындағы жолдар. Сонымен қатар, Қызылқоғам, Төсағаш, Мерғалым, Шарбақты, Малыбай ауылдарының кіреберіс жолдарына жөндеу жұмысы жүргізілді. Одан бөлек, Аққулы ауылының ішіне 2,7 шақырым жолға, Қарақала ауылында 4 көшеде (4,5 км) ауылішілік жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді, — деп атап өтті Р.Мұқанов.
Маңызды бағыттардың бірі – қысқы мерзімде жолдарды күтіп ұстау. Бүгінгі күні аудандық маңызы бар жолдарды қыстық кезеңде күтіп ұстау бойынша 6 мердігер ұйыммен келісім-шарттар жасалған. Бұл бағытта жалпы 19 бірлік техникамен жұмыс атқарылады.
Бүгінде ауыл тұрғындары үшін өзекті мәселелердің бірі – таза су. Әкімнің айтуынша, бүгінгі таңда тұрғындар таза ауыз сумен 100 пайыз қамтылған. Аққулы ауданында 23 елді мекен бар. Оның ішінде 18 елді мекен орталықтандырылған су құбырымен қамтамасыз етілген және 5 шағын ауыл (Жабағылы, Қазантай, Шоқтал, Тілектес, Шәмші) КБМ (кешенді блокты модуль) арқылы таза суға қол жеткізіп отыр.
— Маңызды мәселелердің бірі — Аққулы ауылындағы орталықтандырылған су құбырының жұмысы. Баршаңызға мәлім, жуырда су құбыры істен шығып, аудан орталығында бірнеше күн су тапшылығы мәселесі туындады. Бұл — бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан түйткіл. Алдыңғы жылдары су құбырын қайта жаңғырту кезінде мердігер компания келісімшарттағы міндеттемелерін орындамай, жобаға түзету енгізілді. Соған байланысты мердігер компанияны ауыстыруға тура келді. Бүгінгі таңда су құбырын қайта жаңартуға бағытталған түзетілген жоба жүзеге асырылуда. 2024 жылдың шілде айында «Логотек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім-шарт жасалды, сомасы 304 398,5 мың теңгені құрайды. Жоба шарт бойынша екі жылда аяқталуы керек (2024-2025 ж.ж), — деді аудан әкімі.
Бүгінгі күні Тілектес ауылында жер асты суларының қорын зерттеу жүргізілуде, су қорын растағаннан кейін Тілектес ауылында су құбырын салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарлануда.
Тілеуберді САХАБА.