Өткен аптада Железин ауданы орталығында №2 жылу қазандығында орын алған ақаудан бірқатар нысан жылусыз қалды. Нақтысы, жылу параметрлері түсіп кеткен. Салдарынан №1 мектеп оқушылары онлайн оқуға кетуге мәжбүр болған.
Былтыр ғана күрделі жөндеу көрген қазандықтың сыр бергені, әлбетте, көпшіліктің наразылығын тудырды. Instagram әлеуметтік желісіндегі аудандық парақшалардың бірінде тұрғындар мектептің суықтығынан балалары ауырып, жайсыздық сезініп жатқандарын жазыпты. Айта кетейік, бұл қазандыққа әлеуметтік нысандардан бөлек, жеке үйлер де қосылған.
Әрине, биліктегілер шыққан ақауды барынша жылдам жоюға тырысты. Бірақ, оңай болмаған сияқты. Себебі, жөндеу жұмыстары бірнеше күнге созылып кетті. Жағдайдың неден орын алғанын аудан әкімі Айтуған Шайхимов әлеуметтік желідегі парақшасында мәлім етті.
— Ағымдағы жылдың 27 қаңтарында магистральдан жекеменшік нысанға кіретін жылу желілерінде ақау орын алды. Екі күннен кейін барлық зақымданулар жойылды. Қазіргі уақытта барлық 4 қазандық қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, жылу параметрлерін қалпына келтіру жүргізілуде. Жүйені толық қалпына келтіру үшін уақыт қажет. Мәселе тәулік бойы мамандардың бақылауында, сондай-ақ облыстық орталықтан сарапшылар тартылған, — деді өткен жұма күнгі мәлімдемесінде А.Шайхимов.
Сонымен қатар, аудан басшысы жылу энергиясын тұтынушыларға жылу беру үзілген шаққа төлем есептелмейтінін де атап өтті. Ағымдағы аптада аудан басшылығына хабарласып, қазіргі ахуалды білген едік. Айтуған Абылайұлы қазандық қалыпты жұмыс істеп тұрғанын, жылу тиісті параметрлерге жеткізілгенін мәлімдеді.
Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Маржан Алшымбаева №1 мектептің де іші жылынып, оқушылар жаңа аптада мектепте білім алып жатқанын айтты.
Г.ТҮГЕЛБАЙ, Железин ауданы.