Жүйріктен жүйрік озар…

Шіл 24, 2025

Ертіс ауданында қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, ақын, композитор Иса Байзақовтың 125 жылдық мерейтойына арналған «Дауылды жырдың дүлдүлі – Иса ақын!» атты жас ақындар арасында желдірме байқауы өтті.

Байқауды ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған шара жастардың поэзияға деген қызығушылығын арттырып, ұлттық өнер мен рухани мұраны дәріптеуге зор үлес қосты. Жыр додасы барысында қатысушылар Иса ақынға арналған арнау-жырларын желдірме нұсқасында орындап, көрерменге ерекше әсер қалдырды.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде павлодарлық Жалын Құнанбайға бұйырды. Жүлделі бірінші орынды ақсулық Мағжан Ысқақ, екінші орынды ақтоғайлық Махамбет Рамазан алса, үшінші орынды Ертіс ауданының дүлділі Ардақ Бейсембай иеленді.

Сонымен қатар, аудан әкімінің арнайы жүлдесі Атамекен ауылынан келген Жазира Төлеубаеваға, «Көрермен көзайымы» аталымы Ертіс ауданының намысын қорғаған Сұңқар Мұхаметжанға табысталды.

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.