Аудандағы ата-аналар ұстаздар қауымымен бірге биылғы оқу жылында енгізілген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасына атсалысты.

Бұл ретте ауданда облыстық семинар ұйымдастырылды. Шараға облыстық білім беру басқармасы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының ақпараттық-әдістемелік түсіндіру тобы, аудан мектептерінің әдіскерлері, ұстаздар қауымы және ата-аналар қатысты.

Атап өтерлігі, ауданда 2018 жылдан бері «Даналық» клубы жұмыс істеп келеді. Ауылдағы қолөнерші Гүлбарам Жиеналина бастаған «Әжелер» клубында қыз балалар жүн түтіп, ұршық иіріп, тоқыма тоқумен айналысады. Оқушылар ұмыт болған салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды жақсы біледі. Ақ жаулықты әжелер қыз балаларды ұлттық тағамды әзірлеуге де үйретуде. Ал «Жеңгелер» клубының жетекшісі Меңдіғайын Сейсембекова қыздарға отбасылық құндылықтарды, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуде тәлім-тәрбие беруде. Сонымен қатар, оқушылар қолөнермен айналысады, киіз үй жабдықтарын да тігеді. Ауқымды шара аясында қыздар өз өнерлерін көрсетіп, жиналғандарды тамсандырды. Балаларға ата-аналар қауымы да көмектесіп, ұрпақ тәрбиесінде өз ойларын ортаға салды.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.