Жұмысшыға көрсетілген құрмет

Нау 13, 2025

Аудан орталығында адал еңбекпен табыс тауып жүрген жұмысшы мамандардың құрметіне арнайы кеш ұйымдастырылды. Түрлі салада қажырлы еңбек етіп жүрген қызметкерлер үшін мәдениет үйінде дастархан жайылып, құрмет көрсетілді.

Аққулы ауданы әкімінің орынбасары Махаббат Абулова келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, шараның маңыздылығына тоқталды.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттыратыны сөзсіз. Сондықтан ауданымыздағы жұмысшы мамандарына ерекше құрмет көрсету мақсатында арнайы кеш ұйымдастырылды. Барша маман иелерінің қызметіне табыс, береке тілеймін, — деді М.Абулова.

Кешке қатысқан мамандар өз қызметінің қызығы мен қиындығы туралы айтып, жастарға ақыл-кеңес берді. Маңдай термен келген табыстың берекелі болатынын айтты.

Кеш барысында әсем ән шырқалып, күмбірлеген күй де төгілді. Сала мамандары сұрақтарға дұрыс жауап беру арқылы естелік сыйлықтарға ие болды.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.