Жұмыс орындары ашылуда

Там 14, 2025

Аймағымызда 2023 жылы бастау алған «Ауыл аманаты» бағдарламасы өз жемісін беруде. Кәсіп ашып, бизнесін кеңейткендердің қатары жыл сайын артып келеді.

Екі жыл ішінде 400-ге жуық кәсіпкер бағдарлама аясында жеке кәсіп бастаған. 2023 жылы облыста «Ауыл аманаты» бағдар-ламасы аясында 192 кәсіпкер жалпы сомасы 1,5 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген шағын несие алды.

– 121 кәсіпкер бизнес ашса, 50 кәсіпкер қолданыстағы кәсібін кеңейтті. 19 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды, 2 кооперативке қаржылай қолдау көрсетілді, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орын-басары Әлібек Қаленов.

Былтыр «Ауыл аманаты» бағдар-ламасын іске асыру мақсатында республикалық бюджеттен 2,6 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта қаражат толығымен игерілді. Оның аясында 196 адамға шағын несие
берілді.

– 1,8 миллиард теңге қайта өңдеу және халыққа қызмет көрсету саласындағы 50 жобаға бөлінсе, 510 миллион теңге мал шаруашылығын дамытуға бағытталған 30 жобаға берілді. Ал 15 жоба егін шаруашылығын дамытуға бағытталды, — деді Әлібек Қаленов.

Бағдарлама аясында 58 жаңа ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, 138 жеке кәсіпкер қолдауға ие болды. Жалпы алғанда 397 жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 169 жұмыс орны ауыл шаруашылығы кооперативтерінде ашылды.

– 2023 жылы Май ауданы Көктөбе ауылының тұрғыны жоба аясында несие алып, өзінің жеке кәсібін бастады. Ол мал шаруашылығымен айналысуда. Сол жылы Еңбек ауылының тұрғыны 13 миллион теңгеге несие алып, аймақта ауыл- шаруашылық кооперативін ашты. Оның құрамына 12 қосалқы жеке шаруашылықтар енді. Қаражат техника алуға, жеміс-жидек дайындау бизнесін ашуға жұмсалды. Жаңа жұмыс орындары ашылды, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өңдеуді дамыту және кооперация бөлімінің басшысы Ерғанат Әубәкір.

2025 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде респуб-ликалық бюджеттен Павлодар облысы үшін 2 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаражат шамамен 193 жобаны қаржылан-дыруға бағытталады.

Шағын несиемен 48 ауылдық округ және 71 ауыл қамтылады. Сонымен қатар, 57 ауыл шаруашылығы кооперативін қаржылан-дыру жоспарлануда, бұл 170 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.