Жұмыссыздарды еңбекпен қамтудың елімізде түрлі бағдар-ламасы бар. Соның бірі – «Субсидияланатын жұмыс орындары». Міне, осы бағдарламаның нәтижесінде железиндік тұрғын жұмысқа орналасты.
Аудандық «Мансап» орталығының мәліметінше, железиндік азамат Наталья Чуприкова «Темірлан» жеке кәсіпкерлігіне биыл сатушы болып жұмысқа қабыл-данған. Бүгінде жаңа жұмыс орнында ол өзін жақсы жағынан көрсетіп үлгерген. Ұқыптылығымен, жауапкершілігімен жұмыс берушінің талаптарынан шығып отыр. Жеке кәсіпкерліктің сенімді әрі жауапты қызметкеріне айналған. Кәсіпорын басшысы Дәметкен Төлеубайқызы жаңа қызметкерінің аз уақыт ішінде клиенттерге сапалы қызмет көрсетіп, ұжымда тиімді еңбек етіп жатқанын айтады.
Айта кетейік, «Субсидияланатын жұмыс орындары» бағдарламасы аясында жұмыс берушілер кәсіпорында субсидияланатын жұмыс орындарын құра және «Мансап» орталығында тіркелген жұмыссыздарды қабылдай алады. Жұмыспен қамтылған жұмыссыздардың жалақысын мемлекет еңбек ұтқырлығы орталығы арқылы толық немесе ішінара төлейді.
Г.МАҒЖАН.
Железин ауданы
