Тереңкөл ауданының Ивановка ауылына биыл көрік кіреді. Аталмыш елді мекеннің бірқатар әлеуметтік нысаны «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу көруде. Сондай ғимараттардың бірі — ауыл мектебі. 1973 жылы бой көтерген білім ордасында қазір жөндеу жұмыстары бел ортасына келіп қалыпты.
Жарты ғасыр бұрын салынған мектептің 2020-2021 жылдары терезелері ауыстырылып, шатыры жаңартылған екен. Десе де, ішкі және айналасындағы жағдайы заманға сай өзгерісті қажет етті. Мектептің директоры Екатерина Нейфельдтің айтуынша, жөндеу жұмыстары мамыр айында басталған.
Жөндеу жұмыстарына жауап-танған бас мердігер — «Respect Story Project LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
— Күрделі жөндеу жүргізілгенін көптен күттік. Ел қатарлы заманға сай ғимаратта оқушыларымыздың білім алғанын қаладық. Биыл сәті түсті. Мектебіміздің ішкі қабырғалары мен төбесі толық тегістеледі. Едені ауыстырылады. Спорт залымызда да едені жаңартылады, қабырға, төбелері ретке келтіріледі, — дейді Екатерина Люцияновна.
Сонымен қатар, білім ордасының елу жылда ескірген барлық электр желісі, сымдары ауыстырылыпты. Сантехникалық жұмыстары да аяқталуға жақын көрінеді.
— Мектебіміздің алдына жаңадан кеспетас төселді. Айнала қоршауымыз ауыстырылды. Әжеп-тәуір ажарланып келеді. Енді мектептің кіреберісі жөнделсе, сыртқы жұмыстар аяқталады. Ал ішкі әрлеу жұмыстары әлі аз емес. Мердігер тамыз айында аяқтап, қолданысқа беруі тиіс, — дейді мектеп директоры.
Мемлекеттік және орыс тілінде білім беретін мектепте бүгінде 83 оқушы оқиды. Білім ордасы жаңартылатынын естігенде ерекше қуанған ата-аналардың бірі — Валерия Шматкова.
— Бұл білім ордасында екі балам оқиды. Күтіп, барынша ұқыппен қараудың арқасында мектебіміздің жағдайы жаман емес еді. Бірақ біздің де балалардың жайлы ғимаратта білім алғанын қалаймыз. Заманға сай жабдықталғанын күттік. Биыл күрделі жөндеу жүргізіліп, балаларымызға тарту жасалмақ. Әрине, жаңартып, жөндеудің жөні бөлек. Есіктің алдында бұрын асфальт еді. Ол да тозыңқыраған. Енді жаңадан кеспе тас төселгенін көрдік. Әжептәуір әр кіріп тұр. Ауылымыз заман көшімен бірге келе жатқаны қуантады, — дейді Валерия Шматкова.
Ол рас, бұл ауыл заманға сай ажарлануда. Себебі, мұнда мектептен бөлек мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтеді. Оған облыстық қазынадан 302,9 млн теңге қарастырылған. Айта кетейік, биыл Тереңкөл ауданында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына екі ауыл енген. Ивановка ауылымен бірге Песчан елді мекенінде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің мәліметінше, аталған екі ауылда жалпы құны 1 млрд 694 млн теңгенің 7 жобасы қолдау тапқан.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.