Жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде

Шіл 3, 2025

Биыл Ақсу қаласында бірнеше әлеуметтік нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ғимараттардағы есік-терезелер, инженерлік желілер толығымен жаңартылған соң балабақша тәрбиеленушілері, мектеп оқушылары мен аурухана келушілеріне жайлы жағдай жасалмақ.

Шаһардағы әлеуметтік нысандарды жөндеу барысы жергілікті биліктің жіті бақылауында. Шаһар басшысы Болатбек Шәріпов жұмыс барысын жүйелі түрде қадағалайды.

Таяуда қала әкімі Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебіне барды. Мұнда 3 және
4-қабаттарда еден плиткаларын төсеу аяқталып, мамандар екінші және бірінші қабаттардағы жұмыстарға кірісті. Қасбеттік плиткаларды монтаждау жүргізіліп, спорт алаңын бетондауға дайындық жұмыстары басталды. Кабинеттерде, асханада және жертөледе сырлау жұмыстары жалғасуда. Нысанда барлығы 61 маман жұмыс істейді.

Шаһар басшысы «Асыл бөбек» балабақшасындағы күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты. Мердігер ұйым – «Строитель» ЖШС мамандары осы уақытқа дейін 150 жаңа пластик терезе орнатып, сыртқы 8 есік блогын ауыстырды. Енді ғимараттың қасбетін металл сайдингпен қаптау жұмыстары жүріп жатыр. Жоспар бойынша, бұл істердің барлығы 2 тамызға дейін аяқталуы тиіс.

Ал қалалық емхана аумағында жабық өткел құрылысы жалғасып жатыр. Қазіргі таңда монолитті арқалыққа арналған қалыптарды орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл алаңда 14 адам науқастар мен дәрігерлерге жайлы жағдай жасау үшін еңбек етуде.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.