Инвестиция көлемі артты

Нау 5, 2026

Ақтоғай ауданы Жоламан ауылында «Ақтоғай-АГРО» тауарлы сүт фермасы кеңейтіліп, оның қуаты 1900 басқа дейін жеткізілді. Қосымша 900 басқа ұлғайтылған жобаға шамамен 3 млрд теңге инвестиция тартылды. Нәтижесінде 24 тұрақты жұмыс орны ашылып, ауыл тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптасты.

Ауданда бұдан да бөлек ірі жобалар қолға алынбақ. 2026–2027 жылдары Приреченск ауылында «G-AGRO PV» ЖШС 1 800 басқа арналған тауарлы сүт фермасын салуды жоспарлап отыр. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 8,5 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын іске қосылғанда 45 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Сонымен қатар, осы жылы «Ақтоғай Milk» ЖШС 1 000 басқа арналған ірі қара мал бордақылау кешенін салуды жоспарлап отыр.

Жалпы алғанда, жүзеге асырылып жатқан және алдағы жылдары іске қосылатын бұл жобалар елді мекендердің экономикасын нығайтып, агроөнеркәсіп кешенінің дамуына тың серпін бермек.

А.БОРАНБАЕВА.

Ақтоғай ауданы.