Инженерлік желілер жаңартылуда

Мау 12, 2025

Ақсу қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Ғимараттағы инженерлік инфрақұрылым, еден мен есіктер толығымен жаңартылмақ.

ERG компаниясымен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында аталған мектептің ғимараты, оған іргелес жатқан аумақ, инженерлік желілерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Шаһар басшысы Болатбек Шәріпов аталған жұмыстардың барысын жүйелі түрде бақылап, мердігерлер ісін қадағалап отырады.

Айталық, мұнда бүгінде бірінші және екінші қабаттарда әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Ескі жабындар алынып, олардың орнына жаңа едендер, есіктер қойылып жатыр. Желдету жүйелерін монтаждау, санитарлық тораптарда қабырғаларды плиткамен қаптау, аумақты абаттандыру жұмыстары да жүргізілуде. Бұл істерге барлығы 50-ден астам адам тартылған. Әзірге жұмыстар белгіленген кестеге сай атқарылып жатыр.

Сонымен қатар, шаһар басшысы «Асыл бөбек» балабақшасындағы күрделі жөндеу жұмыстарының барысын байқады. Қазіргі таңда ағаш және бетон терезе алдындағы тақтайлары  алынып, оның орнына жаңалары орнатылуда. Су ағызғыш құбырлар, қасбеттің сәндік элементтері де жаңартылмақ. Жергілікті билік мұндағы жұмыстарды да жіті бақылауға алғанын алға тартты.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.