Лесное ауылдық округіне қарасты Раздельное шағын ауылының тұрғындары талай жыл интернеттің жоқтығынан өркениеттің игілігінен қағылып келді. Әкімдердің есептік кездесуінде де бұл мәселе жиі көтерілген екен. Биыл шешімін тауыпты.
Ауылдық округтің әкімі Татьяна Кишкунованың айтуынша, аудан орталығынан 42 шақырымдағы шағын елді мекенде 56 адам тұрады.
— Есептік және өзге де кездесулерде тұрғындар ұялы байланысқа қосуды жиі сұрады. Бірқатар отбасы байланыстың күшейткіш құралын сатып алып, амалдауға мәжбүр болды. Содан 2023 жылы «Кар-Тел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұялы байланыс тарту үшін металл конструкцияны орналастыруға, оған қызмет көрсетуге қажетті жер телімін рәсімдеу жұмыстарын бастады. Биыл қазан айының соңында барлық құжаттық шаралар аяқталып, тұрғындар ұялы байланысқа қосылды, — дейді Татьяна Анатольевна.
Айта кетейік, мұндай мүмкіндік елімізде қолға алынған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асқан. Енді азаматтар еш кедергісіз Beeline желісінің сапалы мобильді интернетін пайдалана алады.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.