Шарбақты ауданындағы кейбір ауылдың тұрғыны соңғы бірнеше жыл бойы орталықтандырылған су желісін салуды сұрап келеді. Енді бір елді мекендерде әлі күнге дейін интернет сапасы нашар. Тұрғындарды алаңдатқан осы және өзге де мәселелерді шешу барысын облыс әкімі Асайын Байханов ауданға сапары барысында байқады.
Аймақ басшысының сапары Малиновка ауылынан басталды. Мұнда су құбырының құрылысы жүріп жатыр. Бүгінде жоспарлы істің 60 пайызы орындалды. Атап айтқанда, желілер жүргізіліп, үйлерге дейін құбырлар тартылды. Қазір сорғы, тазалау станцияларының құрылысы және жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізілуде.
— Сондай-ақ, Сынтас және Сахновка ауылдарында да су құбырлары салынып жатыр. Бұл ауылдардың тұрғындары да таза ауызсуды бірнеше жыл бойы күтуде. Сондықтан біз өз уәдемізді орындауымыз керек, — деп атап облыс әкімі. Асайын Байханов барлық жобаларды қатаң бақылауға алып, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтуды және жұмыстарды қараша айының басына дейін аяқтауды тапсырды. Кейін аймақ басшысы Шарбақты ауылындағы астық қоймасы мен теміржол тұйығы құрылысының барысымен танысты. Жалпы құны 500 млн теңгеден асатын бұл инвестициялық жоба былтыр басталған-ды. Оның қуаттылығы тәулігіне 2400 тонна дәнді және майлы дақылды құрайды. Яғни, бір тәулікте осынша көлемдегі өнім шығарылады. Асайын Байханов сапар барысында ауданның белсенді тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады. Мәселен, 2024 жылы Сынтас, Татьяновка, Сахновка және Шошқалы ауылдарында интернет қосылады. Сондай-ақ, Шегірен орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, 3 медициналық орталыққа автокөлік сатып алу, ауыл ішіндегі және оған кіреберіс жолдарды жөндеуді жалғастыру жоспарлануда. Бұл ретте аймақ басшысы кез келген жұмыста аға буынның тәжірибесі мен ақылына сүйену маңызды екенін атап өтті. Өз кезегінде ақсақалдар бірлескен жұмыстың нәтижелі боларын алға тартып, ауданның дамуы туралы өз ойларын ортаға салды. Облыс әкімі кездесу барысында айтылған барлық ұсыныстар мен мәселелер назарға алынатынын айтты.
Өз тілшіміз.