Исаны жырлады

Қар 6, 2025

Иса Байзақовтың 125 жылдығына орай ақынның туған жері Үлгілі ауылындағы мектепте «Өмірі — өшпес өнеге» тақырыбын арқау еткен I облыстық Иса оқулары өтті.

Әнші, домбырашы, компо-зитордың есімі ұлықталған шараға аудандардан 50-ден астам оқушы қатысты. Жиналғандар алдымен ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Облыстық шараның құрметті қонағы Исаның немере туысы, ҚР Білім беру озаты, ақынға арналған мектеп мұражайының негізін қалаушы Күләш Әбиқызы шашу шашып, естеліктерімен бөлісті. Облыстық оқу 4 бағыттан тұрды. Білімді оқушылар ақын шығармаларын жатқа оқып, әндерін шырқап, күй шертті. Ақын өлеңдерін ең көп жаттап келген Қарақұдық орта мектебінің оқушысы Данэль Жасқайрат жүзден жүйрік атанды.  «Ән қанатында» бағыты бойынша топқа түскен №3 Ертіс орта мектебінің 5-сынып оқушысы Мария Хунтузиди жеңімпаз деп танылды. Сахналық қойылым қойып, ерекше көзге түскен Железин ауданы Екішоқ орта мектебінің оқушылары Ілияс Мұқатаев пен Айнара Уахит бірінші орынды иеленді. Ал Исаның өмірі мен шығармашылығы жөнінде ғылыми жоба жазған №2 Ертіс орта мектебінің 7-сынып оқушысы  Арыстан Ерасыл жүлдегер атанды.  Барлық жүлдегерлер мақтау қағазы мен сыйлықтарға ие болды.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.Ертіс ауданы