Катодтық мыс шығарады

Нау 19, 2026

Әлкей Марғұлан ауылдық округі аумағында мыс концентратын алу мен оны катодқа айналдыру бойынша өндірістің жұмысы оң жолға қойылған. 20 жылға жуық уақыт бойы осы бағытта табысты қызмет етіп келе жатқан компания таяуда тағы бір жобаны жүзеге асырмақ.

«Fonet Er-Tai AK Mining» кәсіпорны 2007 жылдан бері Екібастұз өңірінде өндірісті өркендетіп отыр. Бұл аралықта жылына 800 мың тоннадан астам шикізат өңдейтін тау-кен байыту фабрикасы салынып, 900-ден астам жұмыс орны құрылды. Таяуда шаһар басшысы Аян Бейсекин өндіріс орнының жұмыс барысымен танысып қайтты.

Қала әкімінің айтуынша, қазір компанияда катодтық мыс өндіру бойынша гидрометаллургиялық кешен салу қолға алынды. Жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен 10 млрд теңгені құрайды.

— Кәсіпорын ауыл мен тұтас өңірдің қоғамдық ісіне белсене араласып, бизнестік жоғары әлеуметтік жауапкершілігін танытып келеді. Жаңа өндіріс орны осы жылдың екінші жартыжылдығында ашылуы тиіс. Бұл ретте жергілікті билік жоба аясында жан-жақты көмек көрсетіп келеді, — деп атап өтті шаһар басшысы.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.

Екібастұз қаласы.