Аудан әкімі Дидар Ибраевтың тұрғындармен есептік кездесулері басталды. Алғашқы кездесулер Ольгинка және Новоямышево ауылдарында өтті. Әр кездесу алдында аудандағы мемлекеттік бөлім басшылары жеке қабылдау жүргізіп, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.
Кездесуде Дидар Елубекұлы алдымен ауданда, оның ішінде ауылдық округте атқарылып жатқан және алдағы уақытта жүзеге асатын игілікті істерді атап өтті. Өз кезегінде ауыл тұрғындары аудан әкіміне көкейде жүрген сауалдарын қойып, ауылішілік жолдарды жөндеу, көше жарығы, жұмыспен қамту туралы өтініш-тілектерін жеткізді. Мәселен, Ольгинка ауылында көше жолдарын жөндеу, мәдениет үйінің жылумен қамтылу мәселесі көтерілсе, Новоямышев ауылында оңтүстік өңірден көшіп келген тұрғындардың тұрақты жұмысқа орналасу жайы сөз болды.
Сондай-ақ, Заря ауылының тұрғындарымен кездесу барысында қалаға қатынайтын автобус мәселесі талқыланды. Бұл ретте аудан әкімі жауапты бөлім басшыларына келесі жылдан бастап облыс орталығы мен ауыл арасында қатынайтын қоғамдық көлік мәселесін реттеуді тапсырды. Бұдан басқа, кездесу барысында тұрғындар тарапынан қаңғыбас иттерді аулау, ауа райының қолайсыздығы кезінде электр қуатының жиі өшірілуі туралы шағымдар түсті. Аудан басшысы кездесулерде көтерілген сауалдар мен өтініштердің барлығы заң аясында кезең-кезеңімен шешімін табатынын және әр сауал жеке бақылауында болатынын жеткізді.
А.МҰҚЫШЕВ.