Облыс әкімі Асайын Байханов Павлодар ауданының Кемеңгер ауылына барып, ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты және дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын тексерді. Мұнда Jiansu Jielong Group компаниясы жылына 120 мың тонна күнбағыс дәнін өңдеп, 50 мың тоннаға дейін дайын өнім шығаратын май экстракциялық зауытының құрылысын бастады.
Инвестиция көлемі 20 миллион АҚШ доллары, оның ішінде 8 миллион доллар негізгі қорларға, 12 миллион доллар айналым қаражатына бағытталған. Жоба аясында 80 жаңа жұмыс орны ашылады.
Екінші жоба — суық сығымдау әдісімен күнбағыс майын өндіретін зауыт. Бұл жобаны «KEMENGER MAY» ЖШС-нің директоры Ибрагим Халяпов таныстырды. Кәсіпорында жылына 60 мың тонна дән өңделеді, ал дайын май өнімінің көлемі 30 мың тоннаға дейін жетпек. Инвестиция көлемі — 2 миллиард теңге, 25 адамды жұмыспен қамту көзделген.
Аймақ басшысы аграрлық сектор өңір экономикасының басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Тек 2025 жылдың сегіз айында облыстың агроөнеркәсіп кешеніне 124 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл Қазақстанның ауыл шаруашылығына салынған инвестициялардың әрбір бесінші теңгесін құрайды. Бүгінде өңірде агроөнімдерді терең өңдеумен айналысатын 30-дан астам кәсіпорын жұмыс істейді және олардың саны жыл сайын артып келеді.
Жұмыс сапары барысында өңір басшысы ауылдағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын да қарап шықты. Сот дауларынан және мердігер ауысқаннан кейін нысанды «Stroy OPT» ЖШС салып жатыр. Бүгінде ғимараттың қабырғалары қаланып, шатыр жабылып, терезелері мен есіктері орнатылуда. Жылыту және желдету жүйелері тартылған. Құрылысты жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Асайын Байханов жергілікті билікке жобаны толық аяқтап, нысанды уақытылы пайдалануға беруді және жұмыстың сапасын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.