Аудан орталығындағы Оқушылар үйіне енсеңіз, қазіргі келбетіне таңданыс танытатыныңыз анық. Себебі, бұл мекемеге биыл керек-жарақтың бәрі сатып алынып, іші жаңартылды.
Оқушылар үйінің директоры Қымбат Нұрпейісованың айтуынша, бұл мекемеде өнер, спорттың түр-түрі қамтылған 33 үйірме жұмыс істейді. Биыл бала-лардың жан-жақты дамуына толық жағдай жасалып отыр.
— Өткен жылы мұғалімдердің облыстық тамыз конференциясында біздің мекеме «Үздік қосымша білім беру ұйымы» атанып, облыс басшылығы 50 миллион теңгенің сертификатын табыстаған еді. Биыл сол қаржы бөлініп, оқушылар үйі оң өзгеріске еніп отыр, — дейді Қымбат Дүйсембайқызы.
Бұл қаражатқа киберспорт, журналистика бағытында балаларға білім беруге қажетті жабдықтар сатып алынды. Led-экран, Tach-панель сынды заманауи құрылғыларды кәделеріне жаратпақ. Әдістемелік кабинет, ерте дамыту мектебі де жаңа компьютерлермен, өзге де қажеттіліктермен жабдықталыпты. Вокал, артспорт бағыттарында оқытатын залдар да дауыс жазу сияқты құралдармен толыққан. Барлық кабинеттердің жиһаздары жаңартылып, көз қуантуда. Қолданбалы өнер кабинетінде енді оқушылардың жеке тігін машинкалары бар. Бүгінде оқушылар үйі мен оның филиалдарында 855 бала қосымша біліммен қамтылған. Олардың 530-ы аудандық оқушылар үйінде түрлі бағытта даму мүмкіндігіне ие.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.