Екібастұз қаласында балалардың жазғы маусымдағы бос уақытын қамту бағытында бірқатар іс қолға алынды. Солардың бірі – «Шаңырақ» жобасы.
Аталмыш жоба аясында үйлерден тұратын жазғы этноқалашық жұмысы басталды. Бір ай аралығында «Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешенінің аумағында орнатылған
5 интерактивті алаңда және алты киіз үйде 600-ден астам оқушы қазақ халқының бай мәдениеті мен дәстүрінің тереңіне бойлай алады.
Этножобаның қатысушылары үшін қазақ қолөнері, музыка, би және ұлттық аспаздық өнерден шеберлік сыныптары ұйымдастырылады. Ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар, халық қолөнершілерімен, музыканттармен және дәстүрлі музыка орындаушыларымен кездесулер өтіп, түрлі ұлттық тағамдарды дайындаудың жолдары көрсетіледі.
Қонақжай «Шаңырақ» жобасы оқушылардың қазақ тілі, мәдениеті мен тарихы бойынша білімін тереңдетіп, жазғы демалысты пайдалы және танымдық түрде ұйымдастыруды көздейді.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.