Колледж – көш басында

Қаз 16, 2025

Ақтау қаласында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл жиында еліміздің үздік білім беру ұйымдары мен ұстаздары марапатталып, сала үздіктерінің еңбегі жоғары бағаланды.

Осы шара барысында Павлодар ауданының «Ертіс» жоғары инновациялық колледжінің білім беру сапасы көш басына шығып, республика көлемінде «Үздік ауыл шаруашылығы колледжі» атанды. Құрметті марапатты колледж директоры Айгүл Байжұмановаға ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Майра Мелдебекова табыстады. Бұл – оқу орнының сапалы білім беру, заманауи технологияларды енгізу және еңбек нарығына сұранысқа ие мамандар даярлау бағытындағы қажырлы еңбегінің нәтижесі екенін атап өткен жөн.

Колледж директорының айтуынша, мекеме ұжымы мен студенттері соңғы жылдары бірқатар табыстарға қол жеткізді. Оқу орнында дуалды оқыту жүйесі енгізіліп, өндірістік тәжірибе базалары кеңейтілді. Сонымен қатар, студенттер республикалық және халықаралық кәсіби шеберлік байқауларында жүлделі орындарға ие болып жүр.

– Бұл марапат – барша ұжымның еңбегінің, ынтымағы мен кәсіби шеберлігінің айғағы. Алдағы уақытта да жастарды ауыл шаруашылығы саласына баулып, ел дамуына өз үлесімізді қоса береміз, – дейді колледж директоры Айгүл Байжұманова.

Т.САХАБА.

Павлодар ауданы.