Кіреберіс жол қалпына келтірілмек

Мам 29, 2025

Екібастұз қаласына қарасты Құдайкөл ауылының тұрғындары ұзақ уақыт бойы ауылға кіреберіс жолды жөндеуді сұраған еді. Көпшіліктің тілегі биыл орындалып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Құдайкөл ауылына кіреберіс 12 шақырым жолды жөндеу үшін облыстық бюджеттен 800 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Таяуда шаһар басшысы Аян Бейсекин атқарылып жатқан жұмыстар барысын бақылап қайтты.

— Барлық жұмыс белгіленген құрылыс-монтаждау кестесіне сай жүргізілуде. Қайта қалпына келтіру ісі аяқталған соң атқарылған жұмыстардың сапасын тексеру үшін зертханалық бақылау жүргізілетін болады, — деді қала әкімі.

Жалпы, соңғы екі жылда Екібастұз өңірінде аудандық және облыстық маңызы бар 100 шақырымнан астам жол мен елді мекендерге кіреберіс жол жөнделді. Олардың қатарында ГРЭС-1 мен Басқамыс арасын жалғайтын 60 шақырым, ГРЭС-2 мен Сарықамыс аралығындағы 25 шақырым жол, Ақкөл, Зеленая роща, Бозшакөл ауылдарына кіреберіс жолдар бар.

Екібастұзда бұрын-соңды мұндай ауқымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген емес. Олардың басым бөлігі салынғаннан бері жөндеуден өткен жоқ. Ауылдағы ағайын енді ғана жақсы жолдың игілігін көріп отыр.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.