Тереңкөл ауданының шаруалары егін жинау науқанын аяқтауға жақын. Қазіргі таңда егістік алқабында елу шақты комбайн күнбағыс жинауда.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің тұқым шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекторы Николай Нижниктің айтуынша, биыл ауданда 83 мың гектарға майлы дақылдар егілген. Оның 2,5 мың гектары қуаңшылықтан толық күйіп кеткен. Яғни, бұл алқап есептен шығарылды. Қалған егістіктен бұйырғаны жиналып жатыр.
— Шаруалар қазір күнбағыс жинап жатыр. Ауа райы қолайлы болса, сегіз жұмыс күні ішінде толық аяқтауға мүмкіндік бар. Енді 30 мың гектардай алқапта күнбағыс жиналады. Биылғы орташа шығымдылық гектарынан 6 центнерден айналуда. Ал дәнді дақылдар толық жиналды. Аудан шаруалары 195 мың гектарға еккен еді, оның 161 мың гектарынан егін жиналды. Қалған алқап жарамай қалды. Жиналған өнімнің шығымдылығы да көңіл көншітпейді. Өткен жылғылармен салыстыруға келмейді. Биыл гектарынан орта есеппен 5 центнерден астық жиналды, — дейді Николай Иванович. Егіннен бөлек, ауданда «екінші нан» да егілген. Суармалы алқапта өсірілгендіктен картоптың өнімділігі өткен жылғы деңгеймен бірдей. 1700 гектарға картоп отырғызылса, оның 1500 гектары — шаруашылықтарға тиесілі.
Г.МАҒЖАН.